Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта
Іздеу

Несиелік тарих

Сіз несие алу туралы шешім қабылдап, банк бөлімшесіне келесіз. Менеджер құжаттарыңызды тексеріп, 5 жыл бұрын алынған несиені неліктен кешіктіріп төлегеніңізді сұрайды.

Қазір Сіз ірі компанияның белді қызметкерісіз. Жалақыңыз да жоғары. Бір кезде қарызға ақша алғаныңызды ұмытып та кеттіңіз. Бірақ Сіздің несиелік тарихыңызда алған несиелеріңіз жайлы бар мәлімет сақтаулы тұрады.

Барлық адамның несиелік тарихы бар. Ол – Сіздің қарыз алушы ретіндегі жеке құжаттамаңыз.Онда алынған несиелер мен оларды қай кезде, қалай қайтарғаныңыз туралы ақпарат сақталады. Несиелік тарихты рәсімдеумен арнайы ұйымдар – несие бюролары айналысады. Бұл ұйымдар әрбір жеке және заңды тұлғаның несиелері жайлы мәліметтерді жинастырады.

Несие тарихы не үшін керек?

Мінсіз несиелік тарихтың маңызы зор. Ол – болашаққа салынған инвестиция іспеттес. Айталық, Сіз көптен армандап жүрген автокөлікке қол жеткізгіңіз келді делік. Мұндайда Сіздің несиелік тарихыңыз міндетті түрде тексеріледі. Әрине, ешқашан несие алмаған, қосалқы қарыз алушы болмаған адамның несиелік тарихы тап-таза күйінде сақталады. Ал егер бір кездері несиеге тоңазытқыш алып, оның ақшасын кешіктіріп төлесеңіз, Сізге несие берілмеуі мүмкін.

Қарызға ақша берерде банктер несие бюроларына міндетті түрде сұрау салады. Мысалы, Сіз кезінде бір банктен несие алып, оны дер кезінде төледіңіз делік. Бұл ақпарат міндетті түрде Сіздің несиелік тарихыңызға түседі. Кейін басқа банктен несие аларда ондағылар несиелік тарихыңызды қарап шығып, қарызды кешіктермей қайтаратын адам екеніңізді көреді де, Сізді жауапкершілікті клиент ретінде қабылдайды.

Кез келген банк қарызға берген ақшасын қайтарығысы келеді, тек сенімді адамдарға несие беруге мүдделі. Егер бұрынғы несиелеріңізді уақытында төлемеген болсаңыз, банк Сізге жаңа несие бермей қоюы ғажап емес.

Міне, несиелік тарихыңызды үнемі қадағалап, бақылауда ұстаудың маңыздылығы осында.

Несиелік тарихыңызды қалай бақылай аласыз?

Заң бойынша, әрбір Қазақстан азаматы жылына бір рет өзінің несиелік тарихын тегін біле алады. Егер Сіз несиелік есебіңізден қате тапсаңыз, сол қатені айғақтайтын құжаттарды тауып алып, дереу банкке хабарлауыңыз керек.

Есіңізде болсын: Несиелік тарих Сіз бен банктер арасындағы делдал міндетін атқарады. Банктер оған өздігінше өзгеріс енгізе алмайды. Сондықтан біреулер Сізге ақысын төлесеңіз, несиелік есебіңізді «жақсартып» береміз, ішіндегі негативті мәліметтің бәрін алып тастаймыз десе, сенбеңіз, олар – алаяқтар.

Несиелік тарихыңызды қалай білуге болады?

Жеке несиелік есебіңізді білудің түрлі әдістері бар. Қажетті мәліметті ғаламтордан, мобильді қосымшадан,несие бюросынан, ХҚКО-дан немесе «Қазпоштадан» алуға болады.

Fingramota_Kreditnaya_istoriya-03.jpg

«Мемлекеттік несие бюросы»

 «Мемлекеттік несие бюросынан» мәлімет алу үшін өтініш толтырып, жеке куәлігіңізді көрсетуіңіз керек. Несиелік тарихыңызды бір тәулік ішінде біле аласыз.

«Бірінші несие бюросы»

«Бірінші несие бюросынан» мәліметті бірнеше жолмен алуға болады.

Жеке және заңды тұлғаның несиелік есебін кеңседен алуға болады. Жеке куәлігіңізді немесе заңды тұлғаның құжаттарын көрсетсеңіз, қажетті мәліметті 15 минутта аласыз.

«Бірінші несие бюросының» сайтына кіріп, электронды сандық қолтаңба арқылы несиелік тарихыңызды біле аласыз.

Пошта арқылы сауал жолдауға болады: ол үшін Сізге нотариалды куәландырылған өтініш пен жеке куәліктің көшірмесі керек. Егер несиелік тарихыңызды бір жылда екінші рет сұратсаңыз, алдыңда көрсетілген қызмет төлемінің квитанциясын қоса жолдаңыз.

«Бірінші несие бюросының» 1CB.kz мобильді қосымшасы арқылы алынатын мәлімет телефонға түседі. Сізге керегі: телефонға жүктелген ЭЦҚ мен төлем картасы.

Egov.kz порталы

 Электронды үкімет порталының «Салық және қаржы» бөлімінен жеке несиелік есебіңізді ала аласыз. Ол үшін ғаламтор арқылы өтініш беріп, электронды сандық қолтаңба басу керек. Нәтижені «Жеке кабинетіңізден» көруге болады.

 ХҚКО-да

Қазақстанның барлық аймағындағы 80 ХҚКО бөлімшесінен несиелік есеп ала аласыз. Сізге керегі: жеке куәлік.

«Қазпошта»

 Жеке несиелік есебіңізді Қазақстанның барлық аймағында орналасқан «Қазпоштаның» 1688 бөлімшесінен алуға болады. Ол үшін жеке куәлігіңізді көрсетуіңіз керек. Бірінші рет өтініш бергенде тек «Қазпоштаның» комиссиясын төлейсіз.

Myth.kz

Myth.kz сайтынан несиелік есеп алу үшін Сізге ЖСН, электронды сандық қолтаңба және төлем картасы керек.

Fingramota_Kreditnaya_istoriya-02.jpg

Несие тарихы жайлы мынаны біле жүріңіз:

●      Несие тарихы – қарыз алушы ретіндегі жеке құжаттамаңыз. Онда Сіз алған барлық несиелер мен тауардың құнын бөлеп төлегеніңіз жайлы мәлімет сақталады.

●      Несие тарихының мінсіз болғаны маңызды мәселе. Сол арқылы банктер мен шағын несие беретін ұйымдар алдында беделіңіз қалыптасады. Күні ертең автокөлік немесе пәтер қажет болғанда, қомақты несиені қиындықсыз алуға мүмкіндік туады. 

●     Несие тарихын үнемі бақылауда ұстаңыз.  ҚР азаматтары жеке несиелік есептерін жылына бір рет тегін біле алады.